2023 жылғы 13 қазанда Қордың Стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Ернат Бердіғұловтың төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқармасы жанындағы Ғылыми-техникалық кеңестің (бұдан әрі ҒТК) отырысы жаңартылған құраммен өткізілді.
Отырыс барысында «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығының қызметі таныстырылып, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (ҒЗТКЖ) жобаларын іріктеу және сараптау рәсімдері аясында сараптаудан өткен ғылыми жобалар қаралды. Қаралған ғылыми жобалар:
- «АМӨЗ ЖШС-нің айналымды сумен жабдықтаудың сапасын арттыру, мұнаймен ластанған жерлерді рекультивациялау». Бұл жоба сарқынды суларды өңдеу және тазарту сапасын жақсартуға, сондай-ақ АМӨЗ ЖШС мұнай өңдеу кәсіпорны ауданында мұнаймен ластанған жерлерді қалпына келтіруге бағытталған.
- Экологиялық қолдану үшін жергілікті каолиннен жоғары сапалы материалдарды өндіру». Жоба әртүрлі экологиялық салаларда қолданылатын, экологиялық таза каолин негізіндегі материалдарды әзірлеуге және өндіруге бағытталған.
- Өнеркәсіптік (құрамында күкірт бар) қалдықтарды кәдеге жарату өнімдері негізіндегі жаңа инсектицидтік құрамдар». Жоба өнеркәсіптік қалдықтарды, оның ішінде құрамында күкірт бар қалдықтарды кәдеге жарату негізінде жаңа инсектицидтерді (жәндіктермен күресуге арналған құралдарды) әзірлеуге бағытталған.
Бұл ғылыми жобалар ғылыми-техникалық өндіріс саласындағы маңызды қызмет болып табылады және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры компаниялары тобына кіретін өндірістік компаниялар орналасқан өңірлердегі экономика мен экологияның әртүрлі аспектілеріне елеулі әсер етеді.
Анықтама ретінде: «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы 2022 жылы мемлекет Басшысы Қ. К. Тоқаевтың тапсырмасымен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ жанынан құрылды. Оның міндеттеріне ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу үшін ғылыми қоғамдастықпен жүйелі түрде ынтымақтастық орнату кіреді.